Ақмола облысында дәрігерлер шала туған екі нәрестені аман алып қалды

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, Нұр-Сұлтан қаласындағы Ақмола облыстық №2 көпбейінді ауруханасының акушерлік бөлімшесіне шұғыл түрде Шортанды ауданынан екі жүкті әйел түскен. Олардың екеуін де шұғыл босандыру қажет болған.
«Әйелдердің біреуінің жүктілігі 29 апта болды. Онда ауыр плацентарлы бұзылулар, қайталама сусыздық түрінде асқынулар анықталды. Бұл құрсақішілік дамудың кешеуілдеуіне әкелді. Сондай-ақ әйелде ауыр артериялық гипертензия болды. Ал, екінші әйелдің жүктілігі 24 апта 6 тәулікті құрады. Онда амниотикалық сұйықтықтың мерзімінен бұрын төгілуі пайда болды, екі күннен астам сусыз кезеңде хориоамнионит дамыды. Сол себепті, дәрігерлер екі әйелді де мерзімінен бұрын босандыру қажет деп тапты. Олар салмағы 700 және 721 грамм болатын екі нәрестені мерзімінен бұрын дүниеге әкелді», - деді ведомстводан.
Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметі атап өткендей, шала туған нәрестелердің есімдерін ата-аналары Асылым және Батырхан деп қойды. Нәрестелер акушер дәрігерлер мен медбикелердің кәсіби шеберлігі және қамқорлығының арқасында дүние есігін ашқан күннен кейін 96 және 64 тәулік өткен соң 2000 грамнан астам салмаққа жетіп, үйлеріне шығарылды.
«Мерзімінен бұрын туған балаларды құтқару тіпті әлемдік тәжірибеде сирек кездесетін жағдай. Алайда біздің дәрігерлер бұл сынақтан сүрінбей өтті», - деп толықтырды ведомстводан.
Осыған дейін Ақмола облысының 5 ауданында су тасқыны қаупі жойылғанын хабарлаған едік.