04:42, 13 Тамыз 2020 | GMT +5
Ақмола облысында дәрігерлерге пәтер беріледі
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысының Жақсы ауданында дәрігерлер үшін аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесі 8 пәтерлі тұрғын үй ретінде қайта жабдықталуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі аудан әкімдігіне сілтеме жасап.
Әкімдіктің мәліметінше, қазіргі кезде павлодарлық мердігер компания «ПавлодарЭнергоМонтаж» ЖШС-гі аурухана аумағында құрылыс жұмыстарын жүргізуде.
«Ғимарттың жалпы аумағы 474 шаршы метрді құрайды. Онда жоспар бойынша 4 бір бөлмелі және 4 екі бөлмелі 8 пәтер болады»,- дейді аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Д.Кощегулов.
Әкімдіктен атап өткендей, биылғы жылдың желтоқсан айында дәрігер мен аудандық аурхананың қызметкерлері осы ғимараттан пәтер кілтін алатын болады.