Ақмола облысында дауыл электр бағандарын құлатып кетті

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысының Бурабай ауданында табиғаттың тосын мінезінен зақым келген электрмен қамту желілері қалпына келтіріліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облысында дауыл электр бағандарын құлатып кетті

Кеше Бурабай ауданында дауыл тұрып, жаңбыр құйды, бұршақ жауды. Жұлқына соққан жел Щучинск қаласының мешітінің алдындағы электр бағанасына зақым келтірді.

«31 шілде күні соққан дауыл салдарынан Щучинск қаласында электрмен қамту желілеріне зақым келді. Соған байланысты Бурабай және Біржан сал аудандарының бірнеше елді мекені жарықсыз қалды. Оларды қалпына келтіріп жатыр, қазір Щучинскіде электрмен қамту сымдары қалпына келтірілді. Жарықсыз қалған ауылдарға да электр беріледі», - дейді Бурабай ауданы әкімі аппаратының ТЖ жөніндегі маманы Ғалым Хасенов.


Оның айтуынша, қалпына келтіру жұмыстарына 25 адам жұмылдырылған.

Бурабай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, ауданның Мәдениет, Воробьевка ауылдары, «Щучинский» шипажайы, сондай-ақ көрші отырған Біржан сал ауданының Жаңауыл, Әндіқожа батыр, Тасшалқар, Жүкей, Үлгі ауылдары жарықсыз қалған.

Дауылдан зақым келген ауылдарда жедел жәрдем мен полиция қызметкерлері, құтқарушылар кезекшілік атқаруда.


Автор: Оксана Матасова