Ақмола облысында денсаулық нысандарының 87,9% интернетке қосылған

None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында 562 денсаулық сақтау нысанының 494 немесе 87,9 пайызы интернет желісіне қосылған. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бибігүл Омарова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Басқарма басшысының сөзінше, бүгінгі таңда облыстың медицина ұйымдары 20-ға жуық ақпарат жүйесін пайдаланады. Жалпы, осы бағытта Денсаулық сақтау министрлігі «цифрлық еркіндік» қағидатын іске асыруды қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Бұл медициналық ақпарат жүйесі арасында деректерді жоғалтпай алмасуға мүмкіндік береді.

«Ақмола облысында денсаулық сақтау нысандарының 494 немесе 87,9 пайызы интернет желісіне қосылған. Оның ішінде аудандық деңгейге дейін 38 медициналық ұйым 100 пайыз, аудандық деңгейден төмен 474 нысан немесе 90,4 пайыз интернетке қосылған. Мәселен, бүгінгі таңда «Дамумед» мобильдік қосымшасының пайдаланушылары 203 511 адамды құрайды. Бұл интернет қолданатын белсенді халықтың 58,8 пайызы (345 952 адам). Сонымен бірге толтырылған өңірлік электронды денсаулық паспорттарының саны 767 960 адамды немесе тіркелген халық санының 98 пайызын құрап отыр. Осы бағытта науқастар үшін 24 цифрлық сауаттылық бекеті құрылып, жұмыс істеп тұр», - дейді Бибігүл Омарова.

Денсаулық паспорты арқылы вакцинация паспортын, клиникалық қызмет көрсету нәтижелерін, жазылған рецептілерді, клиникаларға диагностика қызметтеріне жолдамаларды, медициналық шағымдар туралы анықтаманы жүктеуге болады.

«Медициналық ақпарат жүйелеріне сәйкес ағымдағы жылдың 10 айында 6,9 миллиард теңге сомасына 147,5 мың науқас (2021 жылы - 4,5 миллиард теңге сомасына 141,6 мың науқас) тегін дәрілік заттармен қамтамасыз етілді», - деп толықтырды Бибігүл Омарова.


Соңғы жаңалықтар