12:35, 28 Маусым 2018 | GMT +5
Ақмола облысында «Домбыра» ескерткіш композициясы орнатылды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Біржан сал ауданында «Домбыра» кіші композициясы орнатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ұлттық домбыра күні қарсаңында Степняк қаласының орталық алаңында орнатылған ескерткіш металдан жасалған, биіктігі 3,5 метрді құрайды.
Композицияның ашылуы салтанатына «Нұр Отан» партиясының жергілікті филиалдарының мүшелері, «Ақжаулық» клубының әжелері, БАҚ өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.
Көкшетау қаласының танымал ақыны, әнші және композитор Иран сал Тасқара өзінің құттықтау сөзінен кейін Біржан сал бабамыздың әндерін қазақ, орыс және украин тілдерінде орындады.
«Өскелен ұрпақты ұлтжандылыққа, рухани тереңдікке тәрбиелейміз десек, бұл шараның мәні орасан», - деді құттықтау сөзінде Біржан сал ауданы әкімінің міндетін атқарушы Ерсайын Сабыров.
Салтанатты шара Біржан сал атындағы балалар музыкалық мектебінде өз жалғасын тапты.