Ақмола облысында дуальды оқыту жүйесі қалай жұмыс істеп жатыр

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі тиімді дамуда. Өңір колледждері еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша кәсіби-техникалық кадрларды даярлауда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облысында дуальды оқыту жүйесі қалай жұмыс істеп жатыр

Облыстық ішкі саясат басқармасының мәліметінше, техникалық және кәсіптік білім беруде дуальды оқыту жүйесі де айтарлықтай үлес қосуда. Бұл формат 440-тан астам кәсіпорынның қатысуымен 29 колледжде енгізілген. Мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алатын және дуальді оқытумен қамтылған техникалық және кәсіптік білім берудегі студенттердің үлесі мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алушылардың жалпы санынан 3947 адамды құрайды.

«Өткен жылдан бастап жаңартылған Мемлекеттік білім беру стандартына сәйкес білім беру бағдарламаларын колледждер жұмыс берушілердің келісімі бойынша мемлекеттік жалпыға міндетті білімнің стандарты, кәсіптік стандарттар мен WorldSkills стандарттарының талаптары негізінде дербес әзірлейді. Бұл жаңашылдықтар академиялық дербестік аясында колледждердің оқу жұмыс жоспарларын еңбек нарығына одан әрі бағыттауға мүмкіндік берді», - деп атап өтті білім басқармасынан.

Соңғы екі жыл ішінде 11 колледж қатысатын «Жас маман» жобасы бойынша айтарлықтай бюджет қаражатын бөлу сапалы білім алуға қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Еңбек нарығында сұранысқа ие, техникалық 19 мамандық бойынша білікті кадрларды даярлау үшін жабдықтар сатып алынды. Ауылдық, шағын жинақты колледждерді қолдау мәселесі ерекше назар аударуды талап етеді. Шағын колледждерге көмек көрсету үшін оларға облыстың 13 жетекші колледжі – «Жас маман» жобасының қатысушылары және педагогикалық колледждер бекітілген. Биыл еңбек нарығын білікті кадрлармен қамтамасыз ету аясында «Алтын Алмас АК» АҚ және «Еуропалық подшипник корпорациясы» АҚ сияқты өңірдің ірі кәсіпорындарын қамқорлыққа алу жоспарланған.

«Сонымен қатар, қазіргі уақытта өңірлік кәсіпкерлер палатасымен, сондай - ақ кәсіпкерлік және туризм, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары, құрылыс басқармаларымен бірлесіп тиісті саланың ірі кәсіпорындарын қамқорлыққа тарту мәселесі пысықталуда», - деп толықтырды ведомстводан.

Айта кетсек, облыс колледждері WorldSkills халықаралық қозғалысына белсенді қатысып келеді. WorldSkills - 2021 Ұлттық чемпионатының қорытындысы бойынша Ақмола облысының командасы 8 алтын, 5 күміс, 5 қола медаль және 14 шеберлік медаль иеленді.