Ақмола облысында екі адамның өмірін қиған қанішер тұзақталды
АСТАНА. 18 қазан. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Ақмола облысында қанқұйлы оқиға орын алды, Қарабұлақ ауылында қанішер екі адамды балтамен шауып өлтіріп, тағы біреуін ауыр жаралаған.
Ақмола облыстық ІІД баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, аталмыш оқиға 16 қазан күні орын алған. Сол күні-ақ Ақмола облысының Степногор аудандық ІІД-нің кезекшілік пультіне Қарабұлақ ауылындағы үйлердің бірінен зорлық-зомбылық белгілері бар екі мәйіт табылғандығы жөнінде суыт хабар келіп түскен. Тергеу амалдары барысында Қарабұлақ ауылына уақытша келген 1979 жылы туған, бұрын бірнеше рет сотталған азамат қолға түседі. Жеке тұлғасын анықтау барысында оған 20 қыркүйек күні өзге адамның мүлкін ұрлады деген күдікпен іздеу салынғандығы анықталады.
Тергеу кезінде анықталғанындай, күдікті сол күні Қарабұлақ ауылында жүріп, үйлердің біріне кіріп, ұйықтап жатқан 1960 жылы туған сол үйдің иесіне балтамен бірнеше соққы жасаған. Одан кейін көрші бөлмеде жатқан оның 1996 жылы туған баласының басынан балтамен ұрып, бала өмірін қыршынынан қияды. Содан соң ол келесі бөлмеге барып, 1991 жылы туған баласына бірнеше соққы сілтеп, көзін құртпақ болады, алайда соңғысы қашып үлгерген.
Қазіргі уақытта 20 жасар бозбала ашық бас сүйек-ми жарақаты, мойынның кесілген жарасы, желке тұсының кесілген жарасы диагнозымен қалалық аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр.