Ақмола облысында екі медициналық нысан пайдалануға берілді

None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Целиноград ауданында 50 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулатория мен 200 адам қабылдайтын отбасылық денсаулық сақтау орталығы пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Целиноград ауданының әкімі Бахидбек Оспанбековтің айтуынша, ауданда әлеуметтік саланы дамытуда денсаулық сақтау мәселесіне зор көңіл бөлініп отыр. Бүгінгі таңда аудандағы медициналық мекемелерде жұмыс істейтін дәрігерлер саны 72 адамды (жасақталу көрсеткіші 72% –), орта медицина қызметкерлерінің саны 220 адамды (жасақталу көрсеткіші 81%) құрайды.

«Есепті кезеңдегі демографиялық көрсеткіштерге келетін болсақ, туу көрсеткіші 30,8 пайызға өсті. Сонымен бірге, 2021 жылы – 969 бала дүниеге келсе, биыл бұл көрсеткіш 1036 құрады. Нәресте өлімі үш есеге жуық – 157 пайызға төмендеді», - деді Бахидбек Оспанбеков журналистермен өткен брифингте.

Аудан әкімі атап өткендей, ауданда туберкулез бойынша сырқаттанушылық 28 пайызға төмендеген. Қатерлі ісіктердің 52 жаңа жағдайы анықталды. Мұндада сырқаттанушылық 5,8 пайызға кеміген. Қан айналымы жүйесі ауруының 606 жағдайы анықталды.

«Халықты сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз ету мақсатында Денсаулық сақтау объектілерін салу көзделген. Ауданның денсаулық сақтау жүйесінде 46 медициналық ұйымы тіркелген. Биыл ауданда екі медициналық мекеме – Софиевка ауылында 50 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулатория және Қоянды ауылында 200 адам қабылдайтын отбасылық денсаулық орталығы пайдалануға берілді. Қоянды ауылында 100 адамға арналған алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығының құрылысы аяқталуда», - деп түйіндеді әкім.

Айта кетсек, көкшетаулық фельдшер әр қызметкердің күніне орташа есеппен 12 шақыртуға баратынын айтқан болатын.


Соңғы жаңалықтар