Ақмола облысында эпидемиологиялық жағдай әлі де күрделі - Ермек Маржықпаев
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында эпидемиологиялық жағдай әлі де күрделі. Бұл туралы аймақ басшысы Ермек Маржықпаев онлай режимде өтіп жатқан өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы туралы есеп беру кездесуінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Өткен жыл бәріміз үшін оңай болған жоқ, бұл ең алдымен коронавирус инфекциясына байланысты. Бүгінгі таңда облыстағы эпидемиологиялық жағдай әлі де күрделі. Біз «қызыл аймақта» тұрмыз», - деді Ермек Маржықпаев.
Аймақ басшысы атап өткендей, өңірде коронавирус инфекциясымен күресу үшін қажетті дәрі-дәрмек пен медициналық препараттардың екі айлық қоры жедел толықтырылуда.
«Инфекцияның таралуын болдырмау бағытында шектеу шаралары қабылданды. Карантин режимі күшейді. Инфекциялық стационарлардағы төсек орындар саны ұлғайтылды, реанимациялық палаталар барлық қажеттіліктермен жабдықталған. Дәрі-дәрмектің екі айлық қоры жедел толықтырылуда.
Облыста «Спутник V» вакцинасымен кезең-кезеңмен вакциналау басталды. (бүгінгі күні 690 адамға вакцина егілді). Жалпы, эпидемиологиялық жағдай бақылауда», - деді Ермек Маржықпаев.
Айта кетейік, бір апта ішінде өңірде коронавирус инфекциясына шалдыққандар саны орташа 1,1 пайызға (934 жағдай) өсіп отыр. Ал, соңғы тәулікте бұл көрсеткіш 0,8 пайызға артты немесе 95 жағдай тіркеліп отыр. Қазіргі кезде, стационарларда 611 адам ем алуда, оның ішінде 21 адам ауыр халде (1 – өкпені желдету аппаратына қосылған).