Ақмола облысында эстафета кезінде мектеп оқушысы көз жұмды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында әскери-спорттық ойындар бойынша жарыс кезінде 15 жастағы оқушы көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облысында эстафета кезінде мектеп оқушысы көз жұмды

Ақмола облыстық Білім басқармасының мәліметінше, оқиға 17 мамыр күні сағат 12:30-да Бурабайдағы «Звездный» балаларды сауықтыру орталығында «Алау» облыстық әскери-спорттық ойындар эстафетасын өткізу кезінде болған.

«Эстафета кезінде Көкшетау қалалық №4 орта мектебінің 9-сынып оқушысы мәреге жетпей есінен танып құлады. 2003 жылғы жасөспірімге бірден алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Кейін Щучинск қаласындағы аудандық ауруханаға жеткізілді. Ол ауруханада ес жимастан сағат 13:01-де қайтыс болды», - деді өңірдің Білім басқармасынан.

Қазіргі кезде, оқиғаға байланысты Көкшетау қалалық білім бөлімі тексеріс жүргізуде. Сонымен қатар, құқыққорғау органдары тарапынан да тергеу шаралары қолға алынды.