Ақмола облысында фри картобы мен бекіре уылдырығы өндіріледі
Ведомствоның мәліметінше, 2021 жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша Ақмола облысында өнеркәсіп өндірісінің көлемі кен өндіру (102,7%) және өңдеу салалары (108,6%) есебінен 8,4% - ға өсті. Өңдеу өнеркәсібі салаларында – тамақ өнімдері (117,7%), сусындар (142,0%), химия (142,1%), резеңке және пластмасса бұйымдары (425,6%), машина жасау (147,5%) өндірісінде өсім сақталып отыр.
Өндірісті әртараптандыру бойынша жұмыс шеңберінде 2020-2021 жылдары машина жасауда «Казрост Инжиниринг» ЧК базасында YTO (УайТиО) ауыл шаруашылығы тракторлары, «КАИК» ЖШС-де torum (Торум) жоғары өнімді комбайндары, «Азам КС» ЖШС астық кептіру кешендері сияқты техниканың жаңа түрлерін шығару басталды. Химия саласында сульфоаммофос шығаруды «Сареко» ЖШС Степногорск қаласында бастады. Құрылыс индустриясында «Макинск Жылу оқшаулау зауыты» ЖШС-де минералды мақта плиталарын, «Сапа су» ЖШС-де үлкен диаметрлі темірбетон құбырларды шығару жолға қойылған.
«Жыл соңына дейін облыс үшін инновациялық өнімдер - сұлы қауызы мен фри картобын шығаруды игеру жоспарланып отыр. Болашақта 2025 жылға дейін бекіре уылдырығы, форель және бекіре тұқымдас балық, шошқа еті, темір мен техникалық алмаздар концентраттарынан жасалған арматура мен бұрыштар өндірісін игеру жоспарда бар», - деді ведомстводан.
Айталық, Ақмола облысының шикізаттық емес экспорты 2021 жылдың қаңтар-мамыр айларында 91,4 млн АҚШ долларын немесе 2020 жылдың сәйкес кезеңіне 185,2% құрады. Уран, алкогольсіз сусындар экспортының көлемі 10 есе, ірі қара мал еті 2,9 есе, сүт 1,7 есе ұлғайды. Облыста өз өнімін 26 елге жеткізетін 50-ден астам экспорттаушы компания жұмыс істейді, олардың ішінде негізгі әріптестері Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Қытай, Ауғанстан, Иран, Түркия болып табылады. 2020 жылдан бастап экспорттық жеткізілімдер географиясын кеңейту бойынша жұмыстар шеңберінде «Астана-Агропродукт» ЖШС және «Самхат аяқ киім фабрикасы» ЖШС кәсіпорындарымен жаңа экспорттық нарықтар игерілді. «Астана-Агропродукт» ЖШС жасалған келісімшарт аясында Қытай Халық Республикасының нарығына 200 тоннадан астам ет өнімін жеткізді. «Самхат аяқ киім фабрикасы» ЖШС алғаш рет Ресей Федерациясына екі мыңға жуық жұп былғары аяқ киім жіберіп, экспортқа шықты.