Ақмола облысында гараж өртеніп, алты көлік жанып кетті
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Бурабай ауданының Щучье қаласында блок-контейнер типіндегі гараж өртенді. Өрттің салдарынан алты «Газель» автокөлігі жанып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақмола облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 6 ақпанда сағат 08:08-де Щучье қаласында модульдік блок-контейнер типіндегі гараждан өрт шыққан.
«Гараж ғимараты жалпы ауданы 290 шаршы метр болатын төрт металл контейнерден тұрады. Өрт 08:47-де ауыздықталып, 09:22-де сөндірілді. Өрт салдарынан алты «Газель» автокөлігі жанып кетті. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталуда», - деп хабарлады ведомстводан.
Құтқарушылар хабарлағандай, өрт сөндіруге Төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамынан 20 адам және 4 арнайы өрт сөндіру техникасы жұмылдырылды.