Ақмола облысында газ-ауа қоспасының жарылысынан ер адам көз жұмды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Целиноград ауданында газ-ауа қоспасының жарылысы салдарынан ер адам көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, қайғылы жағдай бүгін, сағат 11:53 Қызылсуат ауылында болды. Анықталғандай, жеке тұрғын үй аумағындағы автономды газбен жылыту орнатылған жерде газгольдердің құдығын ашу кезінде газды-ауа қоспасы жарылған. Салдарынан үй иесі - 1948 жылы туған ер адам сол жерде көз жұмды. Өрт болған жоқ.
«Қазіргі кезде жарылыстың шығу себептері анықталуда. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Оқиға орнында ТЖД, полиция және жедел жәрдем қызметкерлері жұмыс істеуде»,- деді ведомстводан.
Осы ретте, Ақмола облысы ТЖ департаментінің қызметкерлері облыс тұрғындарынан қауіпсіздік шараларын сақтауды сұрайды.

