Ақмола облысында Индустрияландыру картасы бойынша барлығы 75 жоба пайдалануға берілді

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында Индустрияландыру картасы шеңберінде құны 223,6 миллиард теңгені құрайтын 75 жоба пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облысында Индустрияландыру картасы бойынша барлығы 75 жоба пайдалануға берілді

Ақмола облысының өнеркәсіп және кәсіпкерлік басқармасының индустриалды-инновациялық даму бөлімінің басшысы Алмас Сағдиевтің айтуынша, соңғы жеті жылда іске қосылған жобалар өңірде 7,7 мыңға жуық жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді.

«Өңірде 2010-2019 жылдарға арналған Индустрияландыру картасына құны 782,5 миллиард теңгенің 90 жобасы енгізіліп отыр. Бұл дегеніміз 12,3 мың жаңа жұмыс орны. Бүгінгі күнге дейін бұл жобалардың ішінде құны 223,6 миллиард теңгені құрайтын 75 жоба пайдалануға беріліп, қосымша 7,7 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Олардың арасында алтын кен орны «Алтынтау Көкшетау» ЖШС, жылыжай кешені «Қазақстанның жылыжай технологиясы» ЖШС және кірпіш зауыты «Енки» ЖШС тәрізді ірі жобалар жүзеге асырылды. Ертең Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Степногор қаласының Ақсу кентінде құны 30 584,8 миллион теңге тұратын Доре қорытпасын өндіретін «Казақалтын Technology» ЖШС іске қосу жоспарланып отыр. Бұл техногендік минералды түзілімдерді қайта өңдеу бойынша, кейіннен Доре қорытпасы түрінде алтын мен күмісті шығаратын республикадағы жалғыз кәсіпорын болып табылады. Қайта өңдеудің жалпы өндірістік қуаты жылына 7 миллион тонна техногендік минералды түзілімдерді құрайды. Кәсіпорынның құрылысы кезінде 280 адам, ал, іске қосылған кезде 745 адам жұмыспен қамтылады деп жоспарланып отыр. Жалпы, облыста Индустрияландыру картасына қосылған жобалар жетерлік. Солардың қатарында республикалық деңгейдегі «Қазатомөнеркәсіптің біріккен күкіртқышқылы зауыты» және «Масалы тау кен комбинаты» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері тәрізді жобалар бар», - дейді Алмас Сағдиев.

Жалпы, Индустрияландыру ауыл шаруашылығы, құрылыс, тау-кен, химия, жеңіл өнеркәсіп, тағам, фармацевтика, машина құрылысы, энергетика және мұнай өндеу тәрізді он кезең бойынша жүзеге асырылуда. 2010 жылдан бері облыс бойынша жүзеге асырылған жобалардың арқасында барлығы 759,3 миллиард теңгенің өнімі өндірілсе, биылғы жылдың басынан бері бұл көрсеткіш 220,5 миллиард теңгені құрады.

Айта кету керек, жалпы, Ақмола облысында Индустрияландыру картасы шеңберінде құны 223,6 миллиард теңгені құрайтын 75 жоба пайдалануға берілді. Оларды жылдарға бөлсек былай шығады:

2010 жылы жалпы 73,2 млрд теңге сомасына 10 жоба іске қосылып, 3017 тұрақты жұмыс орны құрылды.

2011 жылы 18,4 млрд теңге сомасына 14 жоба іске қосылып, 670 тұрақты жұмыс орны құрылды.

2012 жылы 7,1 млрд теңге сомасына 6 жоба іске қосылып, 380 тұрақты жұмыс орны құрылды.

2013 жылы 3,5 млрд теңге сомасына 9 жоба іске қосылып, 433 тұрақты жұмыс орны құрылды.

2014 жылы 19,1 млрд теңге сомасына 10 жоба іске қосылып, 746 тұрақты жұмыс орны құрылды

2015 жылы 23,4 млрд теңге сомасына 8 жоба іске қосылып, 742 жұмыс орны құрылды.

2016 жылы 13,9 млрд теңге сомасына 15 жоба іске қосылып, 845 жұмыс орны құрылды.

2017 жылы 64,7 млрд теңге сомасына 3 жоба іске қосылып, 840 жұмыс орны құрылды.