Ақмола облысында инкассаторларды тонады деген күдікпен екі адам ұсталды
Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, биылғы жылғы маусымның 7-де сағат 12:00 шамасында Шортанды ауданының Бозайғыр ауылында төлемдерді қабылдайтын терминалдарға қызмет көрсететін екі инкассаторға қарақшылық шабуыл жасалған.
«Ақмола облысында инкассаторларға қарақшылық шабуыл жасаған күдіктілер - Қосшы қаласының 27 және 24 жастағы тұрғындары ұсталды. Анықталғандай, инкассаторлар төлем қабылдайтын терминалдан ақша шешіп алған кезде, беттерін медициналық маскамен тұмшалаған белгісіз екі адам олардың көлігіне баса көктеп кірген. Сондай-ақ, тапаншаға ұқсас затпен қорқытып, ауылдың шетіне баруға мәжбүр етіп, 14 миллион теңгені алған соң тайып тұрған», - деп хабарлады ведомстводан.
Қазіргі кезде, осыған байланысты Қылмыстық кодекстің 192-бабы 4-бөлігі 2-тармағы «қарақшылық» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары қолға алынды. Қылмыстың ашылуын полиция департаментінің бастығы Д.Таев бақылауына алып отыр.
«Тергеу амалдары барысында күдіктілердің осы инкассаторлық фирмада жұмыс істегені белгілі болды. Олар ұрланған ақшаны Тайтөбе кентінің аумағында «Нұра» өзенінің жағасына жасырған. Қазіргі уақытта тергеу іс-шаралары жалғасуда, басқа адамдардың да осы қылмысқа қатыстылығы пысықталуда. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды», -деп толықтырды ведомстводан.