Ақмола облысында із-түзсіз жоғалған науқас Астанада мейрамханадан табылды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында із-түзсіз жоғалып кеткен 24 жастағы науқас қыз аман-есен табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облысында із-түзсіз жоғалған науқас Астанада мейрамханадан табылды

ІІД баспасөз қызметінің мәліметі бойынша ағымдағы жылдың 13 қарашасында Көкшетау қалалық ІІБ кезекшілік бөліміне жергілікті ауруханалардың бірінде емделіп жатқан 24 жастағы Айнұр Қарақыз есімді науқастың жоғалып кеткені туралы ақпарат түскен.

Аталмыш аурухананың бас дәрігерінің түсініктемесі бойынша, жоғалған қыз сол күні стационар бөлімшесінен үйіне шығуы керек болатын. Алайда, қыз шығуға бір күн қалғанда, 12 қараша күні, дәрігердің рұқсатынсыз өз еркімен кетіп қалған.

Кейін тергеу амалдары барысында Айнұрдың осыған дейін Бұланды ауданының Купчановка селосындағы арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында ем алғаны және психиатр дәрігердің есебінде болғаны анықталды.

Оны іздеуге полицейлер мен еріктілер де тартылып, автокөлік, теміржол вокзалдары мен халық көп жиналатын орындарды сүзіп шықты. Сонымен қатар, Көкшетау қалалық ІІБ криминалды полиция қызметкерлері Астанада да іздестіру шараларын жүзеге асырды. Нәтижесінде жоғалған қыз 28 қараша күні Астанадағы мейрамханалардың бірінде ыдыс жуушы болып, жұмыс істеп жүрген жерінен ұсталды.

Қазіргі кезде Айнұр Қарақыз Бұланды ауданының Купчановка селосындағы арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына жатқызылды.

Жалпы, жыл басынан бері облыс  бойынша із-түзсіз жоғалған 77 адам табылды.