Ақмола облысында із-түзсіз жоғалған оқушы қыздар іздестіріліп жатыр
Ведомствоның мәліметінше, 7 маусымда Ақкөл аудандық ПБ кезекші бөліміне жергілікті тұрғын хабарласып, 2008 жылы туған қызы Анастасия Алексеевна Мацты іздеп табуға көмек сұраған.
«Әкесінің сөзінше, қызы 7 маусым сағат 11:00 шамасында үйінен шығып кетіп, содан қайтып оралмаған. Жоғалған қыз үстіне қара түсті кеудеше (топик), көгілдір түсті трико, ақ түсті кроссовка киген. Өзімен бірге қара түсті рюкзак болды», - деді ведомстводан.
Сонымен бірге, полицияға маусымның 8-де жергілікті балаларды қолдау орталықтарының бірінің аға тәрбиешісінен 7 маусымда қашып кеткен 14 жасар тәрбиеленуші Элеонора Рафаиловна Аяшеваны іздестіруге жәрдемдесу туралы өтініш түскен.
«Полиция қызметкерлері анықтағандай, құрбылар «Мерседес» автокөлігімен (жеке такси) Астана қаласына барып, сағат 16:00-де «12 месяцев» құрылыс дүкенінің аумағында көліктен түскен», - деп толықтырды ведомстводан.
Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында 17 жастағы жасөспірім қыздың суға батып кеткенін жазған едік.