Ақмола облысында Jańa Dala халықаралық көрмесі өтіп жатыр

None
Фото: Көрменің ұйымдастырушылары
АҚКӨЛ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында дәстүрлі Jańa Dala/Green Day дала күні мамандандырылған көрмесі басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Халықаралық көрме елордадан 90 шақырым жерде Ақмола облысы Ақкөл ауданындағы «Еңбек» ЖШС алаңында өтіп жатыр.

«Мамандандырылған көрме жыл санап кеңейіп келеді. Көрмеге қатысып жатқан біраз компаниялармен бірге жұмыс істеп жүрміз. Мысалы, Франциямен қарым-қатынас жыл санап артып келеді. Жыл ішінде екі ел арасында тауар айналымы 40 есе өсіп, 60 млн АҚШ долларын құрады. Австриямен де осындай жағдай. Ауыл шаруашылығын сөз еткенде Ақмола облысын айтпай кетуге болмайды. Біздің өңір астық аймағы деуге болады. Еліміздегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің 15% Ақмола облысынан шығады. Бидайдың әр 4 келісі біздің өңірде өсіріледі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 1 трлн теңгеге жетті», - деді Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев халықаралық көрменің ашылу салтанатында.


Ұйымдастырушылардың мәліметінше, биылғы шараға 19 елден 150 аграрлық кәсіби компания қатысып жатыр.

Атап айтқанда, Австрия, Беларусь, Германия, Испания, Италия, Канада, Қытай, Қырғызстан, Нидерланд, Польша, Ресей, Сербия, АҚШ, Түркия, Финляндия, Франция, Өзбекстан, Украина, Чехия және тағы басқалар.

Көрме қатысушылары ауыл шаруашылығы технологиялары, селекциялық жетістіктер мен мал шаруашылығы саласындағы соңғы өнімдерді ұсынып жатыр.


Екі күнге созылатын іс-шараны 10 мыңнан астам адам тамашалайды деп күтілуде.

Сондай-ақ, ұйымдастырушылар берген ақпаратқа сәйкес, топырақ өңдеу бойынша демо-көрсетілім ұсынылып, ауыл шаруашылығы дақылдарының селекциялық учаскелері, сол сияқты өсімдік және мал шаруашылығы техника мен жабдықтар сынақтан өтеді.

Одан бөлек, іскерлік бағдарлама аясында шеберлік сағаты, фермерлерге арналған семинарлар, сонымен қатар қазақстандық және шетелдік сарапшылардың қатысуымен «Инновацияларды енгізу және сүт-тауар фермаларының құзыретін арттыру» халықаралық конференциясы өтеді.


Соңғы жаңалықтар