Ақмола облысында қандай әлеуметтік нысандар салынады

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының құрылыс басқармасының бөлім басшысы Нияз Байғожин ҚазАқпарат тілшісіне Ақмола облысында қандай әлеуметтік нысандар пайдалануға берілгенін және жақын арада қандай нысандар салынатын айтты.

Ақмола облысында қандай әлеуметтік нысандар салынады

Оның айтуынша, Ақмола облысында әлеуметтік сала нысандары бойынша 2021 жылы 51 жоба жүзеге асырылды. Олардың 18-і өткен жылы іске қосылды.

«Пайдалануға берілген аса ірі нысандардың ішінде Целиноград ауданының Раздольное ауылында 80 орындық мектеп, Целиноград ауданының Қараөткел ауылында бір ауысымда 25 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулатория, Көкшетау қаласындағы №1 орта мектепке 600 орындық жапсаржай (сыртқы инженерлік желілерсіз және абаттандырусыз), Ақмол ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы бар. Сондай - ақ, 2021 жылы Целиноград ауданы Төңкеріс ауылында 110 орындық модульдік мектеп ашылды», - деді Н.Байғожин.

Бөлім басшысы атап өткендей, 2022 жылға әлеуметтік сала құрылысының 33 нысанын іске асыруға 9 млрд 632 млн 712 мың теңге сомасында бюджет қаражаты бөлінген.

«Білім беру саласында ең ірі жобаларды іске асыру жұмыстары жалғасады. 2022 жылы Целиноград ауданының Қосшы ауылында әрқайсысы 1200 орындық екі мектеп, 2023 жылы Қосшы қаласында 1200 орындық үшінші мектеп, сондай – ақ Көкшетау қаласында 1200 орындық мектеп пайдалануға беріледі», - деп толықтырды Н.Байғожин.

2020 жылдан бастап Көкшетау қаласында 150 орындық мүгедектерді оңалту орталығының, Біржан сал ауданының Степняк қаласында емханасы бар 50 төсектік аурухананың, Целиноград ауданының Қараөткел ауылында бір ауысымда 25 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулаторияның құрылысы сияқты маңызды әлеуметтік жобалар бойынша жұмыс жүргізілуде.

«Басты міндет – облыстың әрбір ауданында қолжетімді инфрақұрылымды қамтамасыз ету. Денсаулық сақтау және білім беру нысандарының болуы елді мекендерде маңызды болып табылады», - деп түйіндеді Н.Байғожин.