Ақмола облысында қарға батқан көліктер жол апатына себепкер болды
«Ауа райының күрт бұзылуы: қардың жаууы, ақ түтек боранға байланысты патрульдік полиция күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Облыстағы автомобиль жолдарында экстремалды жағдай туындап отыр. Өңір полицейлері жол-көлік оқиғасын болдырмау және жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында шұғыл шараларды қолдануда», - дейді ПД баспасөз қызметіндегілер.
Ведомствоның мәліметінше, жолдардың жабылғандығы туралы алдын ала бірнеше рет ескерту жасалғанымен көлік жүргізушілері жолға шығып, қар құрсауында қалуда.
«Қаңтардың 26-да патрульдік полиция батальонының бірнеше экипажы мен қар тазалайтын көліктер »Нұр-Сұлтан-Петропавл« тасжолының бойында 250 көліктің елордаға жетуін және ол жақтан 300 көлік құралының Көкшетауға жетуін қамтамасыз етті. Сағат 17:00 шамасында аталмыш жолдың бойында, Макинск қаласы тұсында көліктердің бірінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай қарға кіріп кетті. Оған артында келе жатқан 8 көлік соғылды. Жол апаты салдарынан 8 автокөлікке залал келді. Бір жолаушы дене жарақатымен Бұланды аудандық ауруханасына жатқызылды»,- деп толықтырды ведомстводан.
Ақмола облысының полицейлері ауа райына байланысты барлық бағыттағы жолдардың жабылғандығын және жүргізушілерге өз еріктерімен елді-мекеннен тысқары шықпауға шақырады.
Иллюстрациялық фото