Ақмола облысында қаржы пирамидасынан зардап шеккендер іздестірілуде

Қаржы пирамидасы саналатын «Bayared» жеке кəсіпкерлігі Көкшетау қаласы, Горветка көшесі 1 мекенжайы бойынша орналасқан.
Еске сала кетейік, осыған дейін хабарлағанымыздай, Көкшетау қалалық ІІБ тарапынан жергілікті жеке кәсіпкердің құрылтайшысы 31 жастағы көкшетаулықтың үстінен ҚР ҚК 217-бабының 2-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары қолға алынған болатын. Алғашында облыс орталығының 45 тұрғыны полицияға шағым түсірсе, осы күні оның саны одан сайын арта түсуде.
«Полицейлер анықтағандай жеке кәсіпкер желілік маркетинг сияқты бір айға жуық уақыт жұмыс істеген. Құрылтайшы Көкшетау қаласының тұрғындарын жоғары дивидентке сендіріп, ақшаларын алып отырған. Тұрғындар 30 000 теңге ақша салса, 30 күн өткен соң салған ақшалары 3 есеге көбеюге тиіс болатын. Егер салымшы тағы бір кісіні ертіп әкелсе, онда оған әр адам үшін «бонус» ретінде 30 мың теңге көлемінде сыйақы төленеді. Алайда, зардап шегушілердің айтуынша, ЖК өзін банкрот деп таныпты. Осының салдарынан тұрғындардың салған ақшалары қайтарылмай қалған.
Қазіргі кезде арнайы тергеу тобы құрылып, зардап шеккендер мен куәгерлерден түсініктеме алуда. Сондай-ақ, жеке кәсіпкердің құжаттарын зерттеп, тексеруде», түсіндірді баспасөз қызметіндегілер.
Полицейлер «Bayared» компаниясынан зардап шеккендер болса, ІІД Тергеу басқармасына, Көкшетау қаласы, Горький көшесі 35 «А» мекенжайы бойынша немесе 29-11-32, 29-10-72 телефоны арқылы хабарласуды сұрайды.