Ақмола облысында кәсіпкерге 5 млн теңгедей заңсыз айыппұл салмақ болған шенеуніктер жазаланды
Ақмола облыстық прокуратурасы баспасөз қызметінің мәліметінше, Целиноград аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының қызметкері тарапынан «Мәншүк АЭ» ЖШС-на ерекше тәртіп бойынша тексеру жүргізілген. Тексеру шеңберінде кәсіпкер объектісінде тамақ өнімдері мен шайындылардың сынамалары алынды және жүргізілген зерттеулердің нәтижелері бойынша шекті рұқсат етілген санитариялық көрсеткіштердің асып кетуі анықталған. Осы мән-жайларды ескере отырып, басқарма ЖШС-ның атына бұзушылықтарды жою туралы нұсқама енгізіп, ӘҚБтК-нің 425-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырған, оның санкциясымен 5 млн теңгеден астам айыппұл көзделген.
Алайда, прокурорлық тексеру көрсеткендей, басқарма қызметкерінің әрекеттері заңсыз болған. Өйткені тексерілген объектілерде қызметті 2020 жылғы 11 мамырдағы «Мәншүк АЭ» ЖШС-мен жасалған жалдау шарты негізінде басқа кәсіпкермен жүзеге асырылған.
«Тексеру кезінде бұзушылықтар анықталған объектілерге «Мәншүк АЭ» ЖШС-нің ешқандай қатысы болмаған, бұл анықталған бұзушылықтар үшін оның жауапкершілігін жоққа шығарады. Целиноград ауданы прокуратурасының актісі бойынша Ақмола облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті аудандық басқарма қызметкерінің «Мәншүк АЭ» ЖШС-не қатысты жүргізген тексеруін заңсыз деп таныды, әкімшілік құқық бұзушылық бойынша іс жүргізу тоқтатылды. Бақылаудың жоқтығы үшін Целиноград ауданы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы тәртіптік жауапқа тартылды, ал бизнес субъектісінің қызметіне негізсіз араласқаны үшін басқарма қызметкері ӘҚБтК-нің 175-бабының 1-бөлігінің 5-тармақшасымен әкімшілік жауапқа тартылды», - деді ведомстводан.
Айта кету керек, Көкшетау полицейлері 50 мың доллар алды деген күдікке ілінді.