Ақмола облысында қайырымдылық веложарысы өтеді
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Щучинск-Бурабай курорттық аймағында VI Burabike-2018 қайырымдылық велосипед жарысы өтеді. Сайыстан түскен қаражат Қазақстандағы балалар ауруханаларын маңызды медициналық құрылғылармен жабдықтауға жұмсалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Visit Aqmola туристік-ақпараттық орталығына сілтеме жасап.
«Бұл - жанұяларға арналған музыка және спорт мейрамы. Аталмыш шараны Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен «Rixos Borovoe» қонақүйі мен Болат Өтемұратовтың Қоры өткізуде. Burabike қатысушылары мен қонақтары 5 жыл ішінде қайырымдылыққа 470 миллионнан астам қаржы аударды. Өткен жылы 168 миллион 429 мың 890 теңге жиналды. Бұл 2013 жылғы (веложарыс алғаш өткен кез) жиналған қаржымен салыстырғанда 15 есе көп», - дейді Visit Aqmola туристік-ақпараттық орталығының баспасөз қызметіндегілер.
5 жыл ішінде қатысушылар саны 8 есе өскен. Олардың саны 130 адамнан 1 023 адамға жеткен. Ұйымдастырушылар биыл 2000 адам қатысып, олардың 600-і 30 шақырымдық қашықтықты еңсереді деп күтуде. Осылайша балалардың өмірін құтқарып қалады деген үміт бар.
«Burabike-тан түскен қаражатқа Мерке орталық аудандық ауруханасына (Жамбыл облысы), Тимирязев орталық аудандық ауруханасына (СҚО) , Алакөл орталық аудандық ауруханасы мен Панфилов ауданындағы перзентханаға (Алматы облысы), Ағадыр ауылының ауруханасына (Қарағанды облысы) қажетті медициналық құрылғылар сатып алынады», - деді ведомство өкілі.
Қашықтықтарды өткергеннен кейін барлық қатысушылар мен қонақтар таза ауада серуендеп, қазақстандық және ресейлік жұлдыздардың ән-шашуын, қайырымдылық жәрмеңкесін, әртүрлі шеберлік кластары және балаларға арналған іс-шараларды тамашалай алады.
«Веложарыстың барлық қатысушылары үшін Астанадан Щучинскіге дейін және артқа қайтатын трансфер ұйымдастырылады. Астанадан жүретін қатысушылар елордалық цирктің жанынан таңғы 6.00-ден 6.45-ке дейін жиналады. Велосипедтер жүк трансферіне тиеледі. Сондай-ақ, қатысушыларға таңғы және түскі ас беріледі. Веложарысқа қатысу үшін www.burabike.kz сайтында тіркелуге болады. Қатысам деушілерге 5000 теңге көлемінде қайырымдылық жарнасын салу міндет. Бұл қаражат балаларға көрсетілетін көмекке жұмсалады», - деп мәлім етті Visit Aqmola туристік-ақпараттық орталықтың баспасөз қызметіндегілер.
