Ақмола облысында қаза тапқан полиция қызметкері туралы фильм түсірілді

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында бұзақылардың қолынан қаза тапқан полиция қызметкері Серік Иманғалиұлы Мұхамеджановтың тағдыры мен қайғылы қазасы туралы «Серік. Соңғы күз» атты фильмнің тұсаукесері өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақмола облысында қаза тапқан полиция қызметкері туралы фильм түсірілді

Фильмнің тұсаукесеріне Серік Иманғалиұлының анасы Бақытжамал Сәкенқызы мен жұбайы Елена Петровна, жақын туыстары, Атбасар аудандық полиция басқармасының ардагерлер кеңесінің төрағасы Риф Рахимов, Сочинское ауылының бұрынғы әкімі Виктор Дубовский және қызметкерлері қатысты.

Жиналғандар алдында сөз сөйлеген облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары полковник Бақытжан Ералиннің айтуынша, фильмді түсірудегі басты мақсат – Серік Мұхамеджановтың ерлігі мен қызметіне деген адалдығын насихаттау арқылы жас мамандарды тәрбиелеу.

Шарада «Серік. Соңғы күз» фильмі ұсынылды, туынды авторлары полиция лейтенанты Серік Мұхамеджановтың қаза болған оқиғаның хронологиясын қалпына келтіруге тырысты. Фильмде қайғылы күннің сюжеті және Серік Иманғалиұлының туыстары мен әріптестерінің және ауылдастарының естеліктер бар. Фильмде көрсетілген қайғылы оқиғалар 2004 жылы Ақмола облысы Атбасар ауданының Сочинское ауылында болды.

Атбасар аудандық ішкі істер учаскелік полиция инспекторының көмекшісі полиция лейтенанты Серік Мұхамеджанов 2004 жылғы 2 қарашада қызмет атқару кезінде қаза тапты.

2004 жылдың 2 қарашасында Атбасар ауданының Сочинск ауылында мас екі адамның қоғамдық тəртіпті бұзғаны туралы хабар түседі. Оқиға орнына дереу жеткен Серік бұзақылардың бірін əкімшілік хаттама толтыру үшін полиция учаскесіне алып келеді. Артынша қолына мылтық ұстаған бұзақылардың екіншісі полиция учаскесіне бас көктеп келіп, полиция лейтенантына оқ атады. Осылайша, Серік алған ауыр жарақатынан көз жұмады.

Фильмдегі рөлдерде кәсіби актерлер ойнамаса да, көрермендердің назарына ұсынылған фильм өте шынайы және әсерлі болды. Рөлдерді қатар ішкі істер органдарының қызметкерлері, сондай-ақ марқұмның жерлестері сомдады. Ал қаза тапқан полицей Серік Мұхамеджановтың рөлін Атбасар ауданының полиция бөлімінің патрульдік полиция взводының инспекторы аға лейтенант Жұмәділ Жандарбеков алып шықты .

Кадр басқармасының қызметкері Аягөз Қалиева және Полиция департаменті мұражайының меңгерушісі Амантай Ысқақова фильмді түсіру жолында жұмыс істеп, өткен жылдар мен сол күнгі оқиғалардың мұрағаттық деректерін зерттеумен айналысты.

Бүгінде Мұхамеджановтың қызы Әсия Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаментінде қызмет етеді. Әкесі қайтыс болған кезде ол 9 жаста еді, ал інісі 6 жаста болатын.

«Әкем әлі күнге дейін көз алдымда жүргендей», – дейді Әсия, – ол өте мейірімді, көпшіл және сабырлы болды.

Шараға жиналғандар 5 мыңнан астам мұрағат фото суреттері сақталған ведомствоның мұржайында болды. Мұражайда қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлеріне еске алуға арналған экспозицияның орны ерекше, олар полицияның жас буыны үшін әрқашан батылдық пен ар-намыстың үлгісі болады.

«Уақыт өте келе қайғының азабы кетеді, өшеді, бірақ әріптесіміздің бейнесі мәңгі көз алдымызда», – дейді Серіктің жесірі Елена Мұхамеджанова.