Ақмола облысында Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас сызбасы талқыланды

АСТАНА. 22 маусым. ҚазАқпарат - ҚР Өңірлік даму министрлігі және «Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты» АҚ Астанадағы филиалының өкілдері Ақмола облысының белсенділерімен бірге Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас сызбасының негізгі ережелерінің жобасын талқылады.

Ақмола облысында Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас сызбасы талқыланды

Жобаны ұсына отырып, Қазақстан Республикасы Өңірлік даму министрлігі Сәулет, қала құрылысы және құрылыс департаментінің директоры Салауат Дембай Бас сызбасы өңірлік және әлемдік үдерістердің, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы өңірлердің рөлі ескеріле отырып әзірленген Қазақстанның ұзақ мерзімді аумақтық дамуының қала құрылысы саласындағы негізгі ұлттық құжаты екенін атап өтті.
Бас сызба жобасында агломерациялар мәселесіне, оның ішінде Астана агломерациясына ерекше назар аударылған. Астана агломерациясының қалыптасуы қала маңындағы аумақтық ресурстар мен көші-қон үдерістерінің есебінен болжанып отыр. Даму Астананың қала маңы аймағының бас жоспарына сәйкес елді мекендердің жүйелік өзара байланысы, олардың әлеуетті мүмкіндіктері мен өсудің мақсаттылығы ескеріле отырып іске асырылады.
Бас сызба аясындағы нақты ұсыныстар туралы баяндаған «ҚазҚСҒЗИ» АҚ Астанадағы филиалының директоры Тұрлыбек Мұсабаев қаланың аумақтық дамуы, агломерациялар ядросы айналасында азық-түлік және жасыл белдеу құру барысында мүдделер қақтығысын тудырмау қажеттілігі жайлы айтып өтті.
«Астана агломерациясының тұрақты дамуы үшін, жекелеп айтқанда, Аршалы, Шортанды және Целиноград аудандары аумақтарының бөліктерін Астана қаласы әкімшілігіне қарасты етіп, Астана агломерациясының әкімшілік аумақтық құрылысына өзгерістер енгізу мүмкіндігін қарастыруды сұраймыз» - деді ол.
Облыс басшылығы мен белсенділері осы ұсыныстың маңыздылығын атай отырып, толығымен құптады. Осы ретте, бұл жобаны жақын арада іске асыру турасында ұсыныс айтылды.
Бұдан басқа, кеңес барысында, Бас сызбаның әзірлеушілері Ақмола облысы бойынша теміржол, автокөлік жолдарын, су және әуе жолдарының жаңа құрылысы мен олардың бөліктерін жөндеуден өткізуді жобалаудың есептік мерзіміне арналған негізгі бағыттарын айтып өтті.
Мәселен, 2020 жылға дейін: «Астана-Алматы» (Балқаш көлі арқылы), «Астана-Ақтау» бағытындағы 3 автожолдың құрылысы және «Астана-Өскемен» автожолының қайта жаңарту, Щучье-Бурабай курорт аймағын және Көкшетау қаласын газбен жабдықтай отырып Ақмола облысының аумағы бойынша магистральды газ-құбырының құрылысы, Көкшетау қаласының әуежайын халықаралық ICAO санатына көшіре отырып қайта жаңарту. 2030 жылға дейін «Ақтау-Шалқар-Торғай-Арқалық-Астана» теміржол желісінің құрылысы.
Ақмола облысындағы проблемалардың ішінен Т. Мұсабаев өңірдің қуат тапшылығы мәселесін атап өтті. «Өңірдің өз қуат көзімен қамтамасыз етілу деңгейі жалпы қажеттіліктің 17% құрайды. Жаңа генерацияны іске қосу бойынша 2015-2030 жылдары Ақмола облысы бойынша қосынды қуаты 90 МВт болатын «Астана-Энергия» АҚ-ның ЖЭС-3 (ТЭС) және ЖЭС (ВЭС) құрылысын қамтамасыз ету қажет» - деді «ҚазҚСҒЗИ» АҚ Астанадағы филиалының директоры.
Қазақстандық интеллектуалды қуат жүйесін (ҚИҚЖ) қалыптастыру шеңберінде 2016-2020 жылдары ұзындығы 200 км ВЛ 500 кВ бар Астана 500 кВ қосалқы стансаны салу қарастырылуда.
Балама және жаңартылатын энергетиканы дамыту аясында Қазақстанда 2013-2020 жылдары Ақмола облысы бойынша:
2014 жылы Ерейментау ауданында Ерейментау қ. жанында қуаттылығы 45 МВт ЖЭС (ВЭС) салу;
2017 жылы Ерейментау ауданында Ерейментау қ. жанында қуаттылығы 30-50 МВт ЖЭС (ВЭС) салу жоспарланып отыр.
Мұның барлығы өңірді тұрақты қуат көзімен қамтамасыз ету үшін жағдай жасайды.

Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Рашит Әкімов облыс тұрғындары санының өзгерістері туралы және көшіқон үдерістерін тұрақтандыру бойынша қолға алынып жатқан шаралар туралы айтты. Сонымен қатар, облыс белсенділері тарапынан Степногор қаласы жанындағы уран кен орнын әзірлеудегі қалдық қоймаларының экологиялық салдарын назарға алу жайында ұсыныс айтылды.
Жалпы, кеңес барысында әзірленіп отырған Бас сызбаның негізгі ережелері мақұлданды және облыс тарапынан айтылған ұсыныстар назарға алынды.
Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың мамыр айынан бастап өңірлерде кеңестер өтуде, онда ел аумағын ұйымдастыру бойынша жобалық ұсыныстар, сондай-ақ, әр облыстың, Алматы және Астана қалаларының одан әрі дамуына тұжырымдамалы ұсыныстар айтылады.