Ақмола облысында қазандығы жарылған мектепте шұғыл жұмыстар атқарылып жатыр

None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында жылыту қазандығы жарылған мектепті дүйсенбіге дейін орталықтандырылған жылуға қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кеше Аршалы кентінде Жұмабек Тәшенов атындағы орта мектептің жылыту қазандығы жарылып, салдарынан 3 адам зардап шеккен болатын.

Аймақ басшысының бірінші орынбасары Мәлғаждар Тәткеевтің төрағалығымен жедел штаб құрылды.

«Мектепті орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосамыз. Ол үшін ұзындығы 400 метр болатын құбыр алдық. Мамандар келіп жатыр. Дүйсенбі күні мектепке жылу береміз және одан әрі мектеп штаттық режимде жұмыс істейтін болады», - деді Мәлғаждар Тәткеев.

Төтенше жағдайды жою жұмыстарына барлық қызметтер жұмылдырылды.

«Жылу қазандығы жарылысының салдарын жою және мектепті жылумен қамтамасыз ету бойынша жедел шаралар қабылданып жатыр. Бес жүк көлігі, қоқыс шығаруға арналған 2 тиегіш, автокран және ассенизатор машинасы жұмыс істеуде және қоқыстан тазарту, оны шығару жүргізілуде. Демеушілер есебінен 22 терезе жөнделіп жатыр. Жұмыстарға «Аршалы су - 2030» ШЖҚ МКК, Аршалы аудандық электр тарату желісі, сондай-ақ жергілікті шаруа қожалықтарынан 50 адам жұмылдырылды», - деді ведомстводан.

Ақмола облысы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, қазандықтың жарылып, опырылуынан зардап шеккендер – мектептің 3 жұмысшысы. Олар қазір ауруханада.

Оқиға кезінде мектептен барлық оқушы дереу эвакуацияланды. Балалар мен мұғалімдер арасында зардап шеккендер жоқ.

Ақмола облысы Білім басқармасының мәліметінше, мектепте барлығы 395 бала оқиды. 2014 жылы мұнда қазандықтың екі жылыту агрегаты ауыстырылған. Ал былтырғы жылдың қараша айында қазандықтың мұржасы ауыстырылды.


Соңғы жаңалықтар
telegram