Ақмола облысында киік атып алған адам істі болды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысы Жарқайың аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері мен «Охотзоопром» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының инспекторлары киікті заңсыз атып алған күдіктіні ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақмола облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 31 жастағы ер адам 20 шілдеде Шойындыкөл ауылы аумағында қолға түскен. Күдіктінің «Газель» көлігін тінту кезінде бір киік еті, «МР-153» тегіс ұңғылы мылтық, сондай-ақ 12 калибрлі 11 патрон табылды.
«Аталмыш дерек Қылмыстық кодекстің 337-бабы 4-бөлігі («заңсыз аңшылық») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді», - деді ведомстводан.
Осы ретте полиция қызметкерлері ел аумағында ғылыми мақсаттарда пайдалануды қоспағанда, киіктерді атуға, олардың мүшелері мен дериваттарын пайдалануға 2023 жылға дейін тыйым салынғанын еске салады.