Ақмола облысында киіктер аштан қырылып жатыр

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысының Қорғалжын және Целиноград ауданы аумағында 30-дан астам киіктің өлексесі табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облысында киіктер аштан қырылып жатыр

Ақмола облыс бойынша орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының басшысы Лашынтай Дүйсеновтың айтуынша, биылғы жылғы наурыздың 9-да «ПО Охотзоопром» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының орталық өңірлік филиалы инспекторлары Саумал көлінен 10 шақырым аумақтан 14 киіктің өлексесін анықтаған. Бұл жағдай Қорғалжын аудандық Полиция бөлімінде №211160030000107 мәліметтер тізілімі кітабында тіркелді. Сонымен бірге, наурыздың 26-да Ақмол ауылынан 8-9 шақырым жерден 20 киіктің өлексесі табылды. Оның 12-і теке, 8-і аналық киіктер.

«Тексеріс барысында киіктер қалың қар мен күрделі ауа райының салдарынан шөп теуіп жей алмағандықтан аштан қырылғаны анықталды. Жануарлардың өлекселері арнайы мал қорымында залалсыздандырылды», - деді Лашынтай Дүйсенов.

Сол себепті, орын алып отырған жағдайға байланысты және киіктерден жаппай қырылуын болдырмау үшін Ақмола облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясына Қорғалжын, Егіндікөл, Жақсы және Атбасар аудандарының әкімдеріне киіктер жүретін аумақтардағы қарды күреуді ұйымдастыру туралы нұсқау берілді.

Еске сала кетейік, осында бірер күні бұрын жабайы киіктер Ақмола облысының Қорғалжын аулына кіріп кеткен болатын. Тұрғындар оларға жем-шөп берген еді.