Ақмола облысында көктемгі су тасқынын алдын алу шаралары пысықталды (ФОТО)
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Целиноград ауданының Ақмол аулында облыс әкімінің орынбасары Қ.Отаров төрағалығымен аудан әкімдері, облыстық департаменттер, басқармалар және ведомствоның басшыларының қатысуымен өңірде көктемгі су тасқынын болдырмау мақсатында кеңейтілген мәжіліс өтті.
Мәжілісте Аршалы, Целиноград және Қорғалжын аудандарының әкімдері көктемгі су тасқынын алдын алу мақсатында қолға алынған шаралар бойынша есеп берді.
Осы ретте Қ.Отаров қауіпті аумақтардағы су қоймалары мен бөгеттерді бақылауға алуды тапсырды. Оған қоса, қар суы алып қалуы мүмкін елдімекендер мен жолдардың да қауіпсіздігі ескерілді.
Қазіргі кезде, қауіпті аймақтардағы елді-мекендердің көшелері қардан тазартылып, күл-қоқыстары сыртқа шығарылуда. Сондай-ақ, арықтар мен бөгендер, кәріз жүйесі тазаланып ретке келтірілуде.
Гидротехникалық нысандарға қосымша бақылаушы-кезекші қойылды. Су тасқыны басталар кезде облыстық, аудандық және қалалық жедел штаб тәулік бойы жұмыс істейді.
Қауіпті елді-мекендерде зардап шеккендерді орналастыру үшін мектеп ғимаратында арнайы орын әзірленсе, медициналық мекемелер қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді.
Осы күні мәжіліске қатысушылар Целиноград ауданындағы су тасқыны қаупі бар Талапкер, Воздвиженка, Раздольное және Оразақ ауылындарын аралап көрді. Сондай-ақ, Ақмол аулында ұйымдастырылған арнайы техникалардың көрмесін тамашалады.