Ақмола облысында коммуналдық қызметтердің тарифтері 1 шілдеге дейін көтерілмейді

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында коммуналдық тарифтердің негізсіз өсуіне жол бермеу шаралар қарқынды жүзеге асырылуда. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Азамат Сабыржан мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Ақмола облысында коммуналдық қызметтердің тарифтері 1 шілдеге дейін көтерілмейді

Департамент басшысының мәліметінше, биылдан бастап бағалар мен тарифтердің негізсіз өсуін болдырмаумен қатар табиғи монополиялар субъектілері қызметінің ашықтығын арттыруға және тарифтік сметалардың орындалуын бақылауды күшейтуге бағытталған жаңа заң қабылданды.

«Табиғи монополия субъектісі, әлеуметтік маңызы бар қоғамдық субъектілер мен бағалар халық үшін желтоқсан бағалары деңгейінде. Қазіргі уақытта коммуналдық қызметтердің бағасы тұрақты. Тарифтерге талдау жүргізілді. Осы талдау нәтижелері бойынша 24 субъектінің 36 қызметі бойынша заң бұзушылықтар анықталып, 1 миллиард 24 миллион теңге сомасына өтемдік тариф енгізілді», - деді Азамат Сабыржан.

Қазіргі уақытта департамент 145 реттеліп көрсетілетін қызметті ұсынатын 74 табиғи монополия субъектісін реттейді, олардың ішінде жылумен жабдықтау, электр энергиясын беру, сумен жабдықтау және су бұру, сұйытылған газды тасымалдау және басқа қызметтер бар.

«2021 жылы департамент 75 әкімшілік іс қозғады, оның 3-уі әкімшілік іс тексеру қорытындысы бойынша қозғалды. Қарау нәтижелері бойынша табиғи монополиялар субъектілеріне 75 әкімшілік іс бойынша 65 723 888 теңге (100 пайыз) айыппұл салынды, - деп толықтырды Азамат Сабыржан.

Айта кетсек, мораторий енгізілуіне байланысты коммуналдық қызметтердің қолданыстағы тарифтері тұрғындар үшін ағымдағы жылдың 1 шілдесіне дейін өзгеріссіз қалады.