Ақмола облысында коронавируспен ауырғандар саны төмендеп келеді

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Бүгін Ақмола облысы «жасыл» аймаққа көшкеніне қарамастан, карантиндік шектеулерді жеңілдету туралы шешім жеті күннен кейін анықталады. Бұл туралы брифингте Ақмола облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облысында коронавируспен ауырғандар саны төмендеп келеді

Өңірдің бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің айтуынша, облыста коронавирустық инфекциямен сырқаттанушылық бойынша эпидемиологиялық жағдай салыстырмалы түрде тұрақтанды. Бүгінде облыс «жасыл» аймаққа ауысты. Бірақ ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес карантиндік шектеу шараларын жеңілдету «сары» аймақтан «жасыл» аймаққа көшкеннен кейін жеті күннен ерте жүргізілмейді, сондықтан «сары» аймақ бойынша барлық шектеу шаралары жеті күн бойы қолданылады.

«Соңғы аптада өткен аптамен салыстырғанда аурушаңдықтың 416-дан 365 жағдайға дейін немесе 12,2 пайызға төмендегені байқалады. Бір тәулік ішінде COVID-19 зертханалық расталған 39 жағдай тіркелді, оның екеуі 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында», - деп атап өтті А.Мусина.

Инфекциялық стационарда 321 науқас ем алуда, оның ішінде 241 науқас COVID-19 және 80 науқас коронавирирус белгісі жоқ пневмония диагнозымен түскен. Сондай-ақ, 36 науқас жансақтау бөлімшесінде, олардың үшеуінің жағдай өте ауыр. Бұл ауырғандардың барлығы вакцина алмағандар. Инфекциялық стационарлардағы төсек орындардың 35 пайызында ғана науқастар орналасқан. Сонымен бірге, бір тәулікте оқушылар арасында төрт жағдай тіркелді. Оның екеуі Шортанды ауданында және бір-бірден Көкшетау мен Степногор қалаларында.

«Оқу жылының басынан бері жалпы білім беретін мектептердің қызметкерлері арасында COVID-19 ауруының 359 жағдайы тіркелді, оның ішінде штаттық режимде – 300, қашықтан – 57 жағдай. Бір тәулік ішінде мектеп қызметкерлері арасында COVID-19 оқиғасы тіркелген жоқ. 20 желтоқсандағы жағдай бойынша облыстың 31 мектебіндегі 47 сынып қашықтан оқыту форматына ауыстырылды», - деп түсіндірді А.Мусина.

2021 жылы мектеп жасына дейінгі балалар арасында COVID-19 зертханалық расталған 491 жағдай, желтоқсанда - 12 жағдай тіркелді. Өткен тәулікте мектеп жасына дейінгі балалар арасында COVID-19 анықталған жоқ.

Сонымен қатар, оқу жылының басынан бастап жоғары оқу орындарының студенттері арасында 218 жағдай, ал жоғары оқу орындарының студенттері арасында короновирус инфекциясына шалдығудың 33 жағдайы тіркелді.