Ақмола облысында қосымша білім беруді дамыту бойынша қандай жұмыстар жүргізілуде
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында «Сапалы білім» ұлттық жобасын жүзеге асыру аясында қосымша білім беруді дамыту бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық білім басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, балаларға қосымша білім беру жүйесін дамыту Қазақстандағы мемлекеттік білім беру саясатының басым бағыты болып табылады. Бүгінгі күні облыста 94947 баланы немесе 71,7 пайызды қамтитын 51 қосымша білім беру ұйымы жұмыс істейді. 7648 бала қамтылған қосымша білім беруде шығармашылыққа, спортқа мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру жобасы іске асырылуда. 2022 жылы білім беру жүйесінде жобаны іске асыру жалғасады және оған тағы 8 мыңға жуық бала қамтылады. Спорт секцияларының саны артып, 56686 баланы қамтумен 2887 немесе 42,9 пайызды құрады.
Өңірдің білім басқармасының басшысы Бейбіт Жүсіповтің айтуынша, балаларды қосымша білім беруге тарту үшін жағдайды жақсарту, материалдық-техникалық жабдықтау маңызды рөл атқарады. 2021 жылы алты қосымша білім беру ұйымдарында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Атап айтсақ, Степногор қаласының «Батыр» БЖСМ, Жақсы ауданының оқушылар үйі, Аршалы ауданының жас техниктер станциясы, Атбасар ауданының балалар музыка мектебі, Атбасар ауданының «Олимп» ФОК, Астрахан ауданының шығармашылық үйі. Сондай-ақ, 2022 жылға тағы екі ұйымда, Ақкөл ауданының балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығында, Зеренді ауданының «Жігер» БЖСМ жөндеу жоспарланған. Облыста 20 жылдан астам уақыттан бері үш мыңға жуық балалар мен жасөспірімдер баратын «Әулет» мектептен тыс жұмыс орталығы жұмыс істейді.

«Бүгінгі таңда балалар мен жасөспірімдер үшін туристік-өлкетану, сәндік-қолданбалы, көркем-эстетикалық, әлеуметтік-педагогикалық, техникалық модельдеу, жаратылыстану-математикалық, экологиялық, тілдік және спорттық бағыттар бойынша 10 бағыт бойынша 116 үйірме мен студия ашық», – деп атап өтті Орталық директоры Марал Әлжапарова.
«Сәулет» мектептен тыс жұмыс орталығы жанынан ашылған Көкшетау қаласының шетіндегі шағын аудандарында бес балалар аула клубы жұмыс істейді. Сондай-ақ, орталық «Жас Ұлан», «Жас Ұрпақ», «Жол қозғалысының жас инспекторлары», «Жас құтқарушылар», «Қазақстан халқының балалар мектеп ассамблеялары» қоғамдық бірлестіктерінің жұмысын үйлестіреді.

