Ақмола облысында «Құмай» этнопаркі ашылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақмола облысында алдағы уақытта «Құмай» этнопаркі ашылмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облысында «Құмай» этнопаркі ашылады

«Түрік қағанатының тарихын зерттеуді нысанасына айналдырған Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-мен бірге жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмыстарының қорытындысы бойынша Ерейментау ауданында ашық аспан астында «Құмай» этнопаркін құру туралы жоба қолға алынды. Сонымен қатар, Қорғалжын ауданындағы «Беспақыр» және» Батығай» атты киелі жерлеріндегі нысандарды реставрациялау көзделген», - дейді Мәлік Мырзалин бүгін Орталық коммуникациядар орталығында өткен баспасөз мәслихатында.

Өңір әкімі сонымен қатар, «Қазақстанның киелі жерлері» республикалық картасына Ақмола облысының 10 нысаны - Құмай археологиялық-этнографиялық кешені, Абылай ханның алаңы, Кенесарының үңгірі, Батығай кесенесі, Оқжетпес тауы, Қабанбай батыр мен Беспақыр, Баубек батыр мазарлары енгенін атап өтті. Сонымен бірге, «Киелі Қазақстан» энциклопедиясының алғашқы томы жарыққа шығарылып, оның ішіне Ақмола облысының 200 киелі өңірі енгізілген.

Мәлік Мырзалин сондай-ақ облыс аумағында жүзеге асырылып жатқан тағы бір жоба туралы айтып берді. Әкімнің сөзіне сенсек, «Ескерткіштер сыр шертеді» жобасы заманауи технологиялардың - QR-кодтардың көмегімен қасиетті нысандар туралы ақпарат алуға болады. QR-кодтары бар тақташалар аймақтың бай тарихи-мәдени мұрасымен танысуға жол ашады.