Ақмола облысында қылмыстық істер электронды форматта жүргізілуде
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында қылмыстық істер электронды форматта жүргізілуде. Жыл басынан бері барлығы 117 қылмыстық іс электронды форматта аяқталды., деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Конституция күні қарасыңда тәртіп сақшылары қылмыстық істерді тергеудегі жаңалықтарымен бөлісті.
Полицейлердің мәліметі бойынша, «Е-қылмыстық іс» бойынша сотқа дейінгі тергеу Ақмола облысында ағымдағы жылдың қаңтар айыннан бастап енгізіліп отыр. Жоба Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған цифрлық технологияны дамыту бойынша тапсырмасына сай қолға алынған.
«Ағымдағы жылдың 8 айында облыс бойынша барлығы 117 қылмыстық іс электронды форматта аяқталды. Оның 15-і қылмыс, 102 қылмыстық әрекет. Тергеушілер мен түсініктеме алушылар электронды форматта ұрлық, біреудің мүлкін ұрлау, тонау, кәмелеттік жасқа толмаған баланы тәрбиелеудегі міндетін орындамау, көлік басқару құқығынан айырылған тұлғаның қайтадан рөлге отыруы тәрізді заңсыздықтарды тергеді», деп түсіндірді полицейлер.
Тергеушілер облыс бойынша биылғы жылдың 8 айында жүргізілген тәжірибе электронды форматта қылмыстық істі тергеу тиімді екенін айтуда. «Е-қылмыстық іс»-тің артықшылығы тергеу процессін жеңілдетіп, мерзімі мен шығынының көлемін қысқартуға мүмкіндік береді. Іс материалдарының жалғандығын толығымен жояды. Сондай-ақ, сот-медициналық сараптаманы, тергеу амалдарын уақытылы жүргізуге мүмкіндік береді. Оған қоса, қылмыстық іс процесстеріне қатысушылар тергеу амалдарының барысымен онлайн режимде танысуына болады. Оның ішінде ең маңыздысы қылмыстық істі сотқа жолдау және санкциялау бойынша прокурор мен соттың тұрақты түрде бірлесе жұмыс үстеуінде болып отыр.
Айта кетерлігі «Е-қылмыстық іс» қылмыс туралы арызды тіркеу, сот үкімі шыққанға дейінгі барлық қылмыстық процестерді қамтиды.
Бүгінгі таңда өңірдегі ішкі істер органдарының барлық аумақтық бөлімшелері қажетті компьютермен жабдықталып, полиция қызметкерлері арнайы курстан өтті.