Ақмола облысында мемлекеттік қызметке дарынды жастарды тартуға басымдық берілген
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында мемлекеттік қызметшілерді даярлауда сапалы білімге басымдық берілуде. Мемлекеттік қызметте істейтіндердің арасында ғылым докторлары және кандидаттары, «Болашақ» бағдарламасы, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының түлектері бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне сілтеме жасап.
Ведомствоның дерегі бойынша, Ақмола облысында 707 мемлекеттік орган, 5 909 лауазым тіркелген. Қазіргі кезде, 8,3 пайыз бос орын бар.
«Мемлекеттік қызметке реформа жүргізу мемлекеттік қызмет құрамының сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Мемлекеттік қызметтегілердің 89,1 пайызы жоғары білімді, оның ішінде 13 пайызында екі немесе одан көп жоғары білімі бар. Оған қоса, Мемлекеттік қызметтегілердің арасында ғылым докторлары және кандидаттары, «Болашақ» бағдарламасы, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының түлектері бар», деп атап өтті өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте Ақмола облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Гүлмира Евниева.
Сонымен қатар, ол мемлекеттік қызметшілер қатарына талантты және белсенді жастарды тарту бойынша жоғары және арнайы орта білім беру орындарының студенттерімен кездесулер, жастар арасында бос орындар жәрмеңкесі тәрізді шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып отыратынын атап өтті.
Айта кетейік, ведомствоның дерегі бойынша, мемлекеттік қызметшілерді байқау арқылы қызметке таңдау, олардың одан әрі қызметтік маңсабының өсуіне септігін тигізеді. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда мемлекеттік қызметшілердің 56,1 пайызы лауазымға тағайыналды. Биылғы жылдың басынан бері бұл көрсеткіш 75,2 пайызды құрады.