Ақмола облысында МРТ кабинеті ашылды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Көкшетаудағы облыстық көпбейінді ауруханада болып, магнитті-резонансты томография кабинетінің ашылу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.
Signa Creator магнитті-резонансты томографының қуаты 1,5 Тесла, ал құны 568 миллион теңге. Облыстық әкімдіктің қолдауымен жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыға сатып алынған.
Облыстық көпбейінді аурухананың бас дәрігері Нұрлан Жаровтың айтуынша, бұл томография аппараты «гелидің нөлдік буға айналуы» технологиясының арқасында қиын жағдайда да аурудың нақты көрінісін білуге мүмкіндік береді.
«Ең бастысы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында МРТ зерттеуі тегін жүргізіледі. Ол үшін тұрғындар өз учаскелерінен жолдама алулары қажет. Медициналық сақтандыру жарнасын аудармайтын тұлғалар диагностиканы ақылы өте алады», - дейді Нұрлан Жаров.
Айта кетсек, бүгінгі таңда бұл Ақмола облысындағы бюджеттік ұйымдағы жалғыз магнитті-резонансты томограф.