Ақмола облысында NEET санатындағы жастар арасында жұмыссыздық деңгейі азайып келеді
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында NEET санатындағы жастарды жұмысқа орналастыру шаралары. Халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету бағдарламаларын іске асыру жөніндегі жұмыстар туралы ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облысы Жастар ресурстық орталығының СММ-менеджері Кристина Манина айтты.
Оның айтуынша, статистикалық деректерге қарағанда, Ақмола облысы бойынша 15-28 жас аралығындағы NEET санатындағы жастар саны - 11470 адамды құрайды. Алайда жастар ресурстық орталықтары жүргізген мониторинг нәтижелері бойынша олардың нақты саны 2421 адам болып отыр. Дегенмен, бұл көрсеткіш 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 265 адамға төмен. 2021 жылдың қорытындысы бойынша сандық көрсеткіш Көкшетау, Целиноград, Бурабай және Зеренді аудандарында әлі де жоғары болып отыр.
«NEET санатындағы жастарды әлеуметтендіру мәселесі өткір күйінде қалып отыр. Осы мақсатта облыстық ішкі саясат басқармасы, облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламалар үйлестіру басқармасы, облыстық жастар ресурстық орталығы бірлесіп осы санаттағы жастарды әлеуметтендіру және жұмысқа орналасуға жәрдемдесу бойынша іс-шаралар кешенін жүргізуде. 2021 жылы Ақмола облысының ішкі саясат басқармасы 3 миллион теңгеге «Құқық» қоғамдық қоры арқылы «өмірлік қиын жағдайға тап болған жастарды жұмыспен қамту және жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етуге бағытталған іс-шараларды іске асыру (NEET санатындағы жастардың үлесін азайту)» мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде тақырыптық лотты қарастырып, іске асырды. Жоба аясында 1000-нан астам адам қамтылды, 603 адам жұмысқа орналастырылды, 200-ден астам адамға психологиялық тренингтер өткізілді. Сонымен бірге, «Зерделі ұрпақ» жастар қоғамдық бірлестігі 3 миллион теңге сомасына «нашақорлықтың алдын алу және есірткіге тәуелді азаматтарды, оның ішінде жастарды қолдау орталығын ұйымдастыру» мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде лоты іске асырды», - деді Кристина Манина.
Ол атап өткендей, жастарды жұмысқа орналастыру және әлеуметтендіру бойынша қабылданған шаралар өңірдегі жастар жұмыссыздығының деңгейін төмендетуге мүмкіндік берді.