Ақмола облысында обырға шалдыққан әйелдер саны азайды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында сүт безі обырына шалдыққандардың саны азайып келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облысында обырға шалдыққан әйелдер саны азайды

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» облыстық филиалының мәліметтеріне қарағанда, 2015 жылы сүт безінің обырына шалдығу оқиғасы 226 болса, биылғы жылдың басынан бері бұл көрсеткіш 28 пайызға кеміген. Мәселен, 2016 жылы - 220, 2017 жылы - 176 оқиға тіркелген.

«Ақмола облысындағы әйелдердің сүт безінің обыры және жатыр обыры сияқты онкологиялық ауруларға шалдығу деңгейі тұрақты. 2015 жылы жатыр обырына қатысты 74 оқиға тіркелсе,  2016 жылы - 85, 2017 жылы - 72. Ал, 2018 жылы 40 және 79 жас аралығындағы 73 әйел тіркелді», - деп түсіндірді филиалдың сарапшысы Шанхи Голубева.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Қазақстанда аталмыш ауруды алдын алу мақсатында әйелдердің жыл сайын тегін тексеруден өтуіне мүмкіндік бар.

«Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК)  шеңберінде 40-70 жас аралығындағы бұрын ауырмаған әйелдер жылына екі рет тегін скринингтен өтуіне болады. Ал, жатыр обыры бойынша диспансерлік есепте тұрмаған 30-70 жас аралығындағы әйелдер болса, 4 жылда бір рет тегін тексерістен өте алады. Оған қоса, осы жастағы әйелдер тұрғылықты жері бойынша тіркелген емханада өз еркімен скринигтен өтуіне болады», деп толықтырды ведомстводан.

Сонымен қатар, жүкті және көпбалалы аналар жыныстық қатынас арқылы жұғатын инфекцияларды ПЦР әдіс арқылы тегін анализ тапсыра алады.

Еске сала кетейік, егер қазақстандықтар, оның ішінде ақмолалықтар мекенжайы бойынша медициналық көмек алатын емханалар ұнамаса, онда олар «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» тұрғындарды тіркеу науқаны шеңберінде  өзге емханаға тіркеле алады. Тіркеу науқаны қыркүйектің 15-нен басталып,  қарашаның 15-де аяқталады.