Ақмола облысында өндірілетін қоян еті Астанада саудаланады
Қоян өсірумен айналысатын «Астана Микро» асыл тұқымды шаруашылық» ЖШС-і 2012 жылы құрылған болатын. Алғашында Ресейдің Новосібір қаласынан және Оңтүстік Қазақстан облысынан 70 аналық және 10 аталық қоян сатып әкелінген.
Серіктестік басшыларының айтуынша, мұндай жаңа жоба нарықтағы сұраныс жан-жақты ескеріліп, зерттелген соң ғана қолға алынған көрінеді. Қазіргі кезде, мұнда «Кеңестік шиншилла», «Күмістей», «Ақ алып» асыл тұқымды қояндардың саны 1520 жеткен. Оның жартысына жуығы аналық қояндар. Дегенмен, соңғы кездері қоян етіне деген сұраныс азайып кеткен.
«Ірі қара етімен салыстырғанда қоян етіннің бағасы қымбаттау болғанымен жеңсік ас. Сондықтан, қоян етіне сұраныс азайғанымен тұрақты тұтынушыларымыз арқылы ғана пайда тауып отырмыз. Олардың арасында Астана қаласындағы бірқатар мейрамханалар мен дәмханалар, сауда орындары және дүкендері бар. Өткен жылы барлығы 4 тоннадан астам қоян етін өндірдік. Осы күні құрама жем зауытын салып, пайдасын көріп жатырмыз. Алдағы уақытта қояндардың санын арттыру жоспарда бар. Ол үшін бізде барлық мүмкіндіктер қарастырылған», - дейді серіктестік бас зоотехнигі Мейрам Əбішев.