00:17, 28 Желтоқсан 2016 | GMT +5
Ақмола облысында өрт қауіпі бар 378 əлеуметтік-мəдени нысан бақылауға алынды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат- Ақмола облысында Жаңа жыл мерекесіне орай 378 əлеуметтік-мəдени нысан бақылауға алынды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында аймақтық ТЖД басшысының орынбасары Манарбек Шапағатов мәлім етті, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА тілшісі.

Манарбек Шапағатовтың мəліметі бойынша, облыс аумағында өрттің 70 пайызы адамдардың көп шоғырланған жерлерде орын алады. Ал, Жаңа жыл мерекесі кезінде бұл көрсеткіш 82-85 пайызға дейін ұлғаятын көрінеді.
"Жаңа жыл мерекесі адамдардың көп шоғырланатын кезі. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, дəл осы уақытта өрт қауіпі де артады. Адамдар өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтаған кезде ғана қайғылы жағдайларды алдын алуға болады. Осыған орай, Ақмола облыстық ТЖД Жаңа жыл мерекесі күндері өңірдегі 378 əлеуметтік-мəдени нысан бақылауға алынып, 24 жедел топ құрып отыр", деп атап өтті Манарбек Шапағатов.