Ақмола облысында өрттен 2 адам көз жұмды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Біржан сал ауданындағы тұрғын үйде болған өрттен 2 адам көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметі бойынша, өрт 4 наурызда Баймырза ауылында болған.
«Тілсіз жауды ауыздықтауға аумақтық ТЖД жеке құрамынан 11 адам және 3 арнайы техника таратылды. Оқиға орнынан 2 адамның мәйіті табылды», - деп айтты ведомствоның баспасөз қызметіндегілер.
Айта кетейік, ведомствоның мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері облыс бойынша барлығы 173 өрт оқиғасы тіркелген. Бұл былтырғы жылдың көрсеткішімен салыстырғанда, 5 оқиғаға аз. Жыл басынан бері ТЖД қызметкерлері ПД, жергілікті атқарушы органдар және еріктілермен бірлесіп, 56 627 ауланы аралап, 140 адамның қатысуымен 493 жиналыс өткізді.