Ақмола облысында өткен Президент шыршасына 200-ден астам бала қатысты
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында жыл сайын ұйымдастырылатын дәстүрлі Жаңа жылдық Президент шыршасы биыл онлайн форматта өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.
ZOOM платформасы арқылы ұйымдастырылған «Ғажайыпқа толы жаңа жыл» жаңа жылдық іс-шараға облыстың барлық өңірінен 200-ге жуық оқушы қатысты. Бұл аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балалары, оқу үздіктері, түрлі жарыстар мен олимпиада жеңімпаздары. Білім басқармасының мәліметінше, мерекелік бағдарламаны Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің оқытушылары мен студенттері ұсынды. Оны балалар «Bilim Live Aqmola» Youtube арнасында көре алды.
Шарада аймақ басшысы Ермек Маржықпаев балаларды Мемлекет басшысының атынан келе жатқан Жаңа жылмен құттықтады.
«Өтіп бара жатқан жылда сіздер алға қойған мақсаттарыңызға жету үшін көп жұмыс жасап, еңбектеңдіңіздер. Бұған сіздердің зияткерлік, шығармашылық және спорттық шараларда қол жеткізген жетістіктеріңіз айқын дәлел», - дей келе, аймақ басшысы жас ақмолалықтар алдағы уақытта да түрлі салаларда жоғары нәтижелерге қол жеткізетініне сенім білдірді.
Президенттік шырша-бала өміріндегі ең есте қаларлық және маңызды оқиғалардың бірі. Облыстың әр түкпіріндегі дарынды балалар мерекені тамашалай алды. Әсіресе, театрландырылған қойылым мен ертегі кейіпкерлері балалардың көңілінен шықты.
Мереке соңында жергілікті жерлердегі мектеп өкілдері Мемлекет басшысы Қасым - Жомарт Тоқаевтың атынан жаңа жылдық сыйлықтар табыс етті. Бұл 100 мың теңге ақшалай сертификаттар, тәттілер, көркем кітаптар және құттықтау ашық хаттары.