Ақмола облысында өзге этнос өкілдеріне мемлекеттік тілді насихаттауға атсалысуға шақырды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында халықаралық тілдер күніне арналған «Халықтың мәңгілігі оның тілінде» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Достық үйінде өткен шараға «Шаңырақ» тілдерді оқыту орталығының ұстаздары мен оқушылары және ата-аналары, облыстағы этномәдени ұйымдардың өкілдері қатысты.
«Қазақ тілі мен мәдениет» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Қиықов «Халықтың мәңгілігі оның тілінде» тақырыбында жасаған баяндамасында мемлекеттік тілдің маңыздылығын тоқтала келе, оны жастардың арасында насихаттап, меңгеру тұрғысында өзге этнос өкілдерін атсалысуға шақырды.
Ал, «Шаңырақ» тілдерді оқыту орталығының мұғалімі Раушан Хасенова жиналғандарға «Тіл тағдыры - ел тағдыры» тақарыбында баяндама жасады. Ол сөзінде орталықта орыс, ингуш, поляк, неміс және украин балаларының қазақ тілінде оқытылатынын атап өтті. Көкшетаудағы поляк тілінде білім беретін орталық оқытушысы-волонтер Ренат Шенявский Қазақстан мен Польша елі арасында білім саласы бойынша тығыз байланыс орнатылғаныны туралы сөз қозғады.
Сонымен қатар, «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық байқауының жеңімпазы, Көкшетаудағы №21 орта мектептің оқушысы, Елизавета Бибрих, «Ақмола облысының татар және башқұрт этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рафаил Сулькарнаев, «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары мен бөлім басшысы Манат Ысмағұлов мен Татьяна Пяткова және тілдерді оқыту мектебінің басшысы Күлтай Кәрімжанованың пікірлері де бір жерден шықты.