Ақмола облысында пышақ жарақатымен екі адам ауруханаға түсті
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ақмола облысындағы ойын-сауық мекемесінің аумағында екі адамды пышақтап кетті, деп хабарлайды ҚазАқпаарат тілшісі.
Polisia.kz порталының мәліметінше, 24 шілде күні Ақмола облысының Жарқайың аудандық полиция бөліміне аудандық ауруханаға 31 жастағы жергілікті екі тұрғын іш қуысына сұғылған пышақ жарақатымен жеткізілгені туралы хабарланған.
«Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер зардап шеккендердің денсаулығына ауыр зиян келтірген күдіктіні анықтады. Ол бұрын бопсалаушылық жасағаны үшін қылмыстық жауапқа тартылған Нұр-Сұлтан қаласының 33 жастағы тұрғыны болып шықты. Оқиға аудан орталығындағы ойын-сауық мекемелерінің бірінің аумағында ұрыс-керіс кезінде болған.
Полиция бөлімі аталған факті бойынша ҚР ҚК 106-бабы 1-бөлігінің 2-тармағы (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) бойынша тергеу бастады. Күдіктіге қатысты күзетпен ұстау түріндегі процестік бұлтартпау шарасы таңдалды», - деп атап өтеді портал.