Ақмола облысында санитарлық тазалық бойынша айлық өтпек

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында 17-20 сәуір аралығында елді мекендерді көркейту, санитарлық тазалық, абаттандыру және көгалдандыру бойынша дәстүрлі айлық өтеді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Тимур Хамзин мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Ақмола облысында санитарлық тазалық бойынша айлық өтпек

Еске сала кетейік, жақында аймақ басшысы Мәлік Мырзалин облыстық мәслихаттың хатшысы Дулат Нұрмолдин, облыс әкімінің орынбасарлары, облыс әкімінің аппараты, жауапты қызметкерлері, облыстық департаменттер мен басқарма басшыларының қатысуымен өткен аппарат мәжілісінде жыл сайын көктем мезгілінде ұйымдастырылатын елді мекендерді көркейту, санитарлық тазалық, абаттандыру және көгалдандыру бойынша айлық өткізу туралы тапсырма берген болатын.

Осыған орай облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы жұмыс жоспарын жасап отыр.

«Біз айлықты өткізу үшін облыстағы аудандар мен қала әкімдіктеріне және тиісті органдарға арнайы хат жолдадық», деді басқарма басшысы Тимур Хамзин.

Брифингте айтылғандай облыстағы аудандар мен қала әкімдеріне санитарлық тазалық айлығын өткізудің жоспарын жасап, оны қамтамасыз ету тапсырылып отыр. Әсіресе, айлыққа тұрғындарды, қоғамдық бірлестікерді және коммерциялық құрылымдарды тарта отырып, елді мекендерді көркейту, санитарлық тазалық, абаттандыру және көгалдандыру мақсатында кең көлемде үгіт-насихат жұмыстарын ұйымдастыру ұсынылуда.

«Шараны жоспарлау барысында аудан және қала әкімдері 7 мамырға дейін қолға алынатын жұмыстарды анықтап, жүзеге асыруы қажет. Нақтырақ айтсақ, елді мекендерден шыға беріс жолдарды, ескерткіштер мен саябақтарды, аллеяларды және Жеңіс күніне арналған салтанатты шараны өткізетін орындар мен алаңдарды қоқыстан тазартып, ретке келтіру бойынша жұмыстар бірінші кезекте қолға алынуы тиіс», деді Тимур Хамзин.

Сонымен қатар, брифингте басқарма тарапынан өткен жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысы шығарылды.

Облыс бойынша 2016 жылы көктем және күз мезгілдерінде арнайы орны белгіленген 780 күл-қоқыс алаңы анықталып, 200 мың текше метрден астам қоқыс тазартылды. Барлығы 624 сквер мен саябақ тазаланып, иесіз қалған 182 ғимарат бұзылды. Сондай-ақ, 114 мыңнан астам ағаш отырғызылды. Шара барысында ақылы жұмыстарға тартылған 2200 астам адам мен коммуналдық қызметтер, пәтер иелері кооперативтері, қоғамдық және коммерциялық ұйым өкілдері, ЖОО студенттері, колледждер мен мектеп оқушылары және еріктілердің қатысуымен «Таза мекен» және «Ағаш отырғыз» акциялары ұйымдастырылды.

null