Ақмола облысында шаңғы жарысынан облыс біріншілігі өтті
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында шаңғы жарысынан облыс біріншілігі өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жарыстың алғашқы күні шаңғы жолына облыстың 6 ауданынан келген 125 спортшы қатысып, классикалық әдіс бойынша күш сынады. Әсіресе, балғындар арасында өткен сайыс тартысты өтті.
Оқ бойы көш бастап келген жарқайыңдық Әлішер Кінуәрбек соңғы сәттерде көкшетаулық Даут Таласпайға 4 секунд есе жіберіп алды.
Ал, екінші күні бәсеке еркін әдіс бойынша щучелік Дмитрий Коломейц пен көкшетаулық Руслан Жолдаспаевтың арасында өрбіді. Мәреге қатар жеткен екеуінің ішінде Дмитрий сәл басым түсіп, қарсыласынан жеңісті жұлып әкетті.
Сондай-ақ, кіші орта жастағы балғындар арасында щучелік Вадим Куралес, ересек жастағы балғындар арасында шучелік Гридин Никита, кіші жастағы балғындар арасында тағы бір щучелік Иван Горбенко және жастар арасында сандықтаулық Федор Карпов жеңімпаз атанды.
Ересек және орта жастағы жасөспірім қыздар арасында көкшетаулық Екатерина Кихтенко мен сандықтаулық Алина Скрипкина алдына жан салмады. Кіші жастағы қыздар арасында щучелік Виктория Ширяеваны соңғы секундтарда басып озған сандықтаулық Ульяна Донцова жеңіс тұғырына көтерілді.
Жарыс ұлдар мен қыздар арасындағы командалық эстафетамен қорытындыланды. Жалпы, командалық есеп бойынша 882 ұпай жинаған Щучье командасы жеңімпаз атанса, жүлделі екінші және үшінші орындарды Көкшетау және Сандықтау құрама командалары өзара бөлісті.