Ақмола облысында шіркеуден ақша мен күміс ұрланды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола полицейлері шіркеуден ақша мен күміс бұйымдардың ұрлану фактісін тіркеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аймақтық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 31 қаңтар күні Сандықтау аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне Шаңтөбе ауылындағы Пантелеимон шіркеуінің дін қызметшісінен шағым түскен. Оның айуынша, белгісіз адамдар шіркеудің терезе жақтауын сындырып, ақша мен күміс бұйымдар сақталған сейфті ұрлап кеткен. Жалпы шығын - 700 мың теңге.
«Полицейлер жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, екі күдіктіні ұстады. Олар - 29 және 30 жастағы жергілікті тұрғындар. Тінту барысында ауыл адамдарынан ұрланған бұйымдар мен ақшаның жартысы табылды», - деді полициядағылар.
Осы факті бойынша ҚР ҚК 188 бап, 3-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдіктілер уақытша қамау изоляторына қамалды.
Автор: Оксана Матасова