Ақмола облысында Сібір елігін атып алған браконьер ұсталды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында заңсыз Сібір елігін атып алған браконьер ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақмола облысында Сібір елігін атып алған браконьер ұсталды

Ведомствоның мәліметінше, биылғы жылғы қарашаның 14-да «Нұр-Сұлтан-Петропавл» автожолының 291 шақырымында «Қауіпсіз жол» жедел-алдын алу іс-шарасын жүргізу шеңберінде «Тұлпар-10» Ақмола облысы ПД патрульдік полиция батальонының жасағы, аға лейтенант Алтынбек Накенов пен лейтенант Айбек Балтабеков «Toyota» автокөлігін тоқтатты.

Нұр-Сұлтан қаласының 37 жастағы тұрғыны басқарған көліктің салонын тексеру кезінде еліктің 1 ұшасы, тегіс ұңғылы үш мылтық табылды. Бұл ретте жүргізуші мен оның 36 жастағы жолаушысында елік атуға қандай да бір рұқсат құжаттары болмаған.

«Бұл жағдай Қылмыстық кодекстің 337-ші бабының «Заңсыз аңшылық» бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Жануарлардың түрі мен жасын анықтау үшін сот-биологиялық сараптама тағайындалды. Қазіргі уақытта іс бойынша істің барлық мән-жайларын объективті тексеруге бағытталған барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде», - дед ведомстводан.