Ақмола облысында «соғымға дайындық» жобасы жүзеге асырыла бастады
Жобаға Ақмола облысының Целиноград ауданында азық-түлік, тұрмыстық заттар және мал сатылатын әмбебап «Алтын таға» базарының басшылығы атсалысуда.
Астананың іргесіндегі Қосшы ауылының маңында орналасқан «Алтын таға» сауда кешенінің аумағы 1 650 шаршы метрді құрайды. Онда тек сауда павильондары ғана емес, ветеринарлық зертхана, қасапхана, шұжық цехы, тоңазытқыш камерасы, көкөніс және жеміс-жидек қоймасы бар. Оған қоса, семіртілетін малды қамап ұстайтын 15 ашық мал қорасы да қарастырылған.
Қазірдің өзінде 3000 қой-ешкі, 1000 бас ірі қара мен 200 жылқы түлігі бордақылануда.
Мал базарының басшысы Айдар Нығметовтың айтуынша, «Алтын таға» базарында көкөніс, жеміс-жидек, ет және ет өнімдері, балық, сүт және сүт өнімдері, арпа, тұрмыстық химия және күнделікті тұтынатын тауарлар сатылады. Шұжық цехында ет өнімдерінің сүрленген, жартылай сүрленген тәрізді 50 түрі шығарылады. Цехтың қуаты тәулігіне 2 тонна ет өнімдерін құрайды. Сондай-ақ, көкөніс және жеміс-жидек қоймасында 1 000 тонн өнім сақтауға болады. Қойманың іші салқындатқыш, белгілі бір ауа температурасын ұстап тұру үшін қажетті қондырғылармен жабдықталған. Оған қоса, сауда орнында сырттан келген саудагерлер үшін 120 адамға жатақхана, 100 орындық асхана және 200 көлікке арналған автотұрақ қарастырылған. «Алтын таға» базары тас жолдың бойында орналасқандықтан әрі бейнебақылау камерасымен жабдықталғандықтан ауыл шауашылығы тауарларын өндірушілер үшін өте қолайлы. Осы сауда орны арқылы елорда тұрғындары мен астаналық елді мекендердегі халық сапалы әрі экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімдерін тұтынуда.
«Алтын таға» облыста алғашқылардың бірі болып "Соғымға дайындық" жобасына қатысуда. Астаналықтар енді осында дайын семіртілген, ветеринарлық тексерістен өткен əрі нарық бағасынан арзанырақ соғым сатып ала алады», дейді мал базарының басшысы Айдар Нығметов.