Ақмола облысында соғыс ардагерінің электронды кітабы таныстырылды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында танымал саяси және қоғам қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері Баян Жанғаловтың «Үш кезең» («Три периода» ) кітабының электронды нұсқасының тұсау кесері өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі аудан əкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
None
None

Зеренді аудандық кітапханасында өткен шараға аудан əкімі Асқар Мұратұлы қатысып, туынды туралы өзінің жылы пікірін білдірді.

Аталған кітап осыдан 13 жыл бұрын жарық көрген. Онда автор өзінің балалық шағы, ата-анасы жəне олардан бойына сіңірген тәрбиесі туралы айтылады. Жалпы, кітап сол кездегі оқиғалар шынайы суреттелген «Начало жизни»,  «Звездное  время», «Посвящение будущему поколению» тәрізді үш бөлімнен тұрады.
Шара барысында ардагердің ұлы Мұратбек Жанғалов, еңбек  ардагерлері Мұхит Қабдешев, Олжабай Нұрғалиев, Светлана  Халилева Баян атаның өмірі мен өмір жолдары жəне  онымен тірі кезінде бірге қызметтес болған сәттерін еске алды.
Еске сала кетейік, Баян Жанғалов ұзақ та ғибратты ғұмыр кешті. Ұлы Отан соғысының қан майданына қатысып, елімізді жаудан ерлікпен қорғады. Түрлі мемлекеттік жауапты әрі басшылық қызметтерді зор абыроймен атқарып, ұйымдастырушылық дарынымен, жоғары адамгершілік қасиеттерімен танылды. Ерен еңбектің үлгісін көрсетіп, үлкен абырой мен беделге, мемлекеттің ең жоғары марапаттарына ие болды. Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, екі мәрте Ленин, Еңбек Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз, І-дәрежелі Отан соғысы ордендерімен марапатталды. Дүниеден өткенше әрдайым халқымызды ынтымақ пен бірлікке шақырып жүрді. 2013 жылдың 30 қаңтарында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері, Социалистік Еңбек Ері, Ақмола облысының құрметті азаматы Баян Жанғалұлы  99 жасқа қараған шағында дүниеден озды.

Баян Жанғалов Ақмола облысы Зеренді ауданы Жамантұз ауылында 1914 жылдың 15 шілдесінде дүниеге келген. 1952 жылы Алматы қаласындағы Орталық комитет жанындағы жоғары партия мектебін бітірді. Еңбек жолын 1931 жылы ауылдық кеңес хатшылығынан бастады. Ұлы Отан соғысы жылдары Панфилов атындағы 8-ші гвардиялық дивизияның құрамында Сталинград, Харьков, Курск, Балтық майдандарында шайқастарға қатысты. Баян Жанғалұлының мұнан кейінгі өмірі туған жері Көкшетау топырағындағы партиялық-шаруашылық жұмыспен тығыз байланысты болды. 1956 жылы Рузаев аудандық атқару комитеті төрағасы қызметінде еңбектеніп жүргенде, оған Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Осы марапат Рузаев ауданының мемлекетке 35 миллион пұт астық тапсырған жемісті еңбегінің нәтижесі еді. Бұл көрсеткіш КСРО-да екінші, ал Қазақстанда - бірінші болатын. 

Соңғы жаңалықтар